2018 жылдың 27-28 қаңтар күндері Ақтөбе қаласында Халықаралық ғылым академиясы, экология, инженерия және педагогика «Халықаралық қоғамдық қормен ұйымдастырылған ХХХХІ Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияның өткізу мақсаты: студенттердің оқу-ізденіс, ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізетін, ғылымды тереңнен зерттеуге қызығушылық танытатын студенттерді анықтау, қолдау көрсету.

Тәуекелге бел байлап, біздің оқу орнынан өңдірістік оқыту шебері Динара Каримова мен 3 курс студенттері – Беляев Абай мен Овчаренко Антон Ақтөбеге жол тартты.Конференцияға Қазақстанның барлық облыстарынан білікті жастар біліммен қаруланған талапкерлер ғылымның жан-жақты бағдары бойынша өз жобаларын ортаға тартты. Мектеп қабырғасында жүріп университеттін студенті деңгейінде сайрап тұрған оқушыларды көргенде таңдай қағып, таң қаласың! Бейнебір жас академик Қаныш Сәтбаевтарды, Ахмет Байтұрсыновтарды көргендейсің.

Қ. Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінің студенттері Беляев Абай (мамандығы: «Токарлық іс және металлөңдеу») және Овчаренко Антон (мамандығы: «Кен орындарындағы пайдалы қазбаларды ашық қазу») «Техника және технология» секциясына (жаратылыстану-математикалық бағыт) өз ғылыми жобаларын сараптама комиссиясының алдына ұсынды. Конференцияның екінші күні салтанатты жиналыста жүздеген жеңімпаз жастар арасында біздің студенттер де қанжығалары майланып, төбемізді көкке жеткізіп, бізді қуантты.

Беляев Абай аталмыш конференцияға өз мамандығы бойынша дайындаған «Токарлық өңдеу жұмыстарындағы дәлдікті арттыратын қарапайым құралдар» тақырыбындағы жұмысын ғылымның майталман қазыларының  жан-жақты қойған сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, оларды нақты фактілермен риза етті. Абай ғылыми жобасын өз деңгейінде қорғап, жүлделі 1-орынға ие болды, 1 дәрежелі дипломмен және медальмен марапатталды (жетекшісі – Каримова Д.). Овчаренко Антон жүлделі 2-орынға ие болды, 2 дәрежелі дипломмен және медальмен марапатталды. (жетекшісі – Генш. К.Д.).

Жеңімпаз студенттерімізге 2018 ж. ақпан айында Мәскеу қаласында өтетін «Шексіз ғылым» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияға жолдама берілді. Жас ғалымдарға сәттілік пен ақ жол тілейміз!